Хирургиялық стоматология және жақ-бет аймағының хирургиясы. Басқа медицина салаларымен байланысы. Даму жолдары хирургиялық стоматология жалпы стоматология




НазваниеХирургиялық стоматология және жақ-бет аймағының хирургиясы. Басқа медицина салаларымен байланысы. Даму жолдары хирургиялық стоматология жалпы стоматология
страница1/42
Дата конвертации04.02.2016
Размер5.33 Mb.
ТипДокументы
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42
Оразалин Ж.Б.

Төлеуов Қ.Т.


ХИРУРГИЯЛЫҚ

СТОМАТОЛОГИЯ


Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі медицина академиясы мен университеттері студенттеріне арналған оқулық ретінде мақұлдаған


1 тарау


ХИРУРГИЯЛЫҚ СТОМАТОЛОГИЯ ЖӘНЕ ЖАҚ-БЕТ АЙМАҒЫНЫҢ ХИРУРГИЯСЫ. БАСҚА МЕДИЦИНА САЛАЛАРЫМЕН БАЙЛАНЫСЫ. ДАМУ ЖОЛДАРЫ


Хирургиялық стоматология жалпы стоматология саласының тіс хирургиясы мен ауыз қуысы хирургиясының бірігу негізінен дамыса, ал жақ-бет хирургиясы жалпы хирургиядан бөлініп қосылды.

Бұл медицина саласының қосылуына бір жағынан жақ-бет аймағында орналасқан мүшелер мен тіндердің анатомиялық және физиологиялық ерекшеліктерінің біртұтас болуы үлкен себебін тигізсе, екінші жағынан бұл маңда кездесетін дерттердің клиника-диагностикалық әдістерінің бірлестігімен қатар емдеу тәсілдерінің ерекшеліктері дәнекер болды.

Сонымен, қазіргі кезде хирургиялық стоматология және жақ-бет аймағының хирургиясы – жалпы хирургия мен стоматологиядан тұратын медицина ғылымының дербес саласы болып есептелініп, жақ-бет аймағында орналасқан хирургиялық дерттермен қатар, бейбіт және соғыс уақыттарындағы жарақаттарын, ақаулар мен деформацияларын зерттеп, олардың алдын-алу, асқынуларын, диагностикалық әдістерін, хирургиялық емдеу жолдарын одан әрі жақсарту мәселелерін қарастырады.

Хирургиялық стоматология және жақ-бет аймағының хирургиясы басқа стоматология салаларымен тығыз байланысты. Мысалы, көптеген стоматологиялық дерттерді терапевтік, ортопедиялық, ортодонтиялық және хирургия әдістерін қолдану арқылы диагноз қойып кешенді емдеу жүргізіледі.

Сонымен қатар хирургиялық стоматология және жақ-бет аймағының хирургиясы жалпы медицинаның емдеу, хирургия, оториноларинголония, офтальмология, неврология, рентгенология және радиология салаларымен тығыз байланысты. Бұл жағдайда қазіргі кездегі биология, физика, химия ғылымдарының және қалыпты, фонографиялық патологиялық анатомиялар, микробиология, фармакология т.б. медицинаның негізггі салаларының, жетістіктерінөзінің дамуына тірек етеді.

Бұл аймақта кезедесетін дерттер этиологиясы, патогенезі, патоморфологиясы, клиникасы және емдеу жолдарының ерекшеліктеріне байланысты келесі топтарға жіктеледі.

  1. Тіс, жақ сүйектері, бет-мойын тіндері және ауыз қуысы мүшелерінің қабыну дерттері. Оларға одонтогенді қабыну процестері (жедел және созылмалы периодонтиттер, жақтың жедел периоститі, жақтардың жедел және созылмалы остеомиелиттері, абсцесстер, флегмоналар, лимфадениттер), тіс жару дерттері, одонтогенді гайморит, инфекциялық дерттер – арнайы (актинамикоз, туберкулез, мерез), арнайы емес (сыздауық, шиқан, тілме, сібір жарасы, жегі) слекей бездерінің қабынулары.

Бұл аталған дерттер жақ-бет аймағында өте жиі кездеседі.

2. Бейбітшілікте кездесетін ауыз қуысы мүшелерінің, беттің, бет қаңқасы сүйектерінің жарақаттары, сәулемен зақымдану, қызу және химиялық заттармен күюлер.

3. Бет-жақ аймағының оқпен жарақаттануы және оларға хирургиялық көмек ұйымдастыру.

4. Жақ-бет аймағында кездесетін ісіктер мен ісік тәріздес дерттер. Олардың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық жіктелуіне сай анықтау мен емдеу тәсілдері.

5. Жақ-бет аймағында іштен туа пайда болған және жүре пайда болған ақаулар мен деформациялар.

6. Пластикалық және эстетикалық хирургияның негіздері.

Хирургиялық стоматологияның даму жолы барлық медицина саласының өсу жолдарымен байланыса отырып әрбір кезеңнің әлеуметтік құрылысы, экономикалық деңгейі, ғылым мен мәдениеттің өркендеуімен сәйкес жүреді.

Тіс емдеу саласы ерте ғасырдан басталып, жалпы медицина саласынан тыс дамыды. Онымен өз бетімен үйренгендер, шаштаразшылар, тіпті жендеттер де айналысқан. Тек XVII ғасырдың бас кезінде Францияда тіс кеселдерін емдейтін дәрігерлерге арнаулы комиссиядан өткен соң жаңа атақ – дантист-хирург дәрежесі беріле бастады. Бұл атақ кейін Еуропа және Америка мемлекеттеріне де таралды. Осының нәтижесінде жалпы медицинамен стоматологияның қосылуына жол ашылып, стоматологияның теориясы мен практикасы дамыды. XVI ғасырда атақты Француз хирургі Амбруаз Паре алғаш рет тіс жұлу аспаптарын ойлап тауып, тіс жұлу операциясының көрсеткіштері мен қарсы көрсеткіштерін анықтады, кейбір операциялардың, соның ішінде реплантацияның жасалу жолын көрсетті.

Атақты француз хирургі және стоматолог Пьер Фархауд дүние жүзінде алғашқы болып «Хирург-дантист немесе тіс емдеу» деген еңбегін жазды.

1892 ж. Партч цистотомия және цистэктомия, ал 1896 жылы тіс түбірінің кесу операцияларын ұсынды. Бұл операциялар ауыз қуысы хирургиясы мен жақ-бет аймағы хирургиясының қосылуына дәнекер бола тұра, тіс хирургиясының соңғы сатысы болып есептелді.

Бірақ, ресейде тіс емдеу саласы өте баяу дамыды, XIX ғасырдың екінші жартысында сол кездегі белгілі (Н.В. Склифосовский, А.А. Лимберг, Н.Н. Знаменский) медицина қайраткерлерінің күшімен ресейде тіс емдеу мектебі ашылды, 1883 жылы алғашқы дантистер қоғамы ұйымдастырылды.

Бет хирургиясы медицина саласының ертеден дамыған тарауы. Бірнеше мың жылдар бұрын Индияның киелі кітабында бет аймағының қабыну процесстері баяндалған. Гиппократқа жақ сүйектерінің абсцестері және слекей тастары мәлім болған. Ол сүйек сынықтарын екі белдік арқылы бекіту тәсілін ұсынған. 1807 жылы профессор Буш өзінің хирургиялық нұсқауында тістердің қиын шығуының асқынуы, паротиттер мен эпулис дертерінің клиникасы мен емдеу тәсілдерін жазған.

1829 ж. Заболцкий-Десятковский жақ сүйектерінің остемиелиттері мен ісіктердің, жоғарғы еріннің екі жақты жырықтарының емдеу тәсілдерінің негізін жасады.

1820 жылы Москвалық профессор А.И. Поль жақ сүйегіне резекция жасады. Осы жылдары И.В. Буяльский жоғарғы жақ сүйегіне резекция жасады. Н.И. Пирогов уранопластика жөнінде лекциялар оқумен қатар, бас-бет топографиясы туралы еңбектер жазды. Ол оқтан пайда болған жараларды алғаш хирургиялық емдеу кезінде пластикалық операцияларды қолдануды ұсынды.

1865 жылы О.К. Шимановский «Адам денесінің сыртқы беткейлерінде жасалатын пластикалық операциялар» деген еңбегі осы уақытқа дейін жалпы хирургтарға негізгі нұсқау болып келе жатыр. Жоғарғы айтылғандарға қарағанда бет хирургиясының зерттелуі және операция тәсілдерімен тек жалпы хирургтар айналысып келген.

Хирургиялық стоматология және жақ-бет хирургиясы – кешенді емдеу қажет болатын тіс, ауыз қуысы мүшелерін, бет және мойын, бет қаңқасының сүйектерінің хирургиялық аурулары мен бұзылуын зерттейтін стоматологияның жеке клиникалық пәндерінің бірі. Мұндай емдеу әдістері арасында операциялық әдіс негізгі әдіс болып табылады, сондықтан Қазақстандағы хирургиялық стоматология мен жақтық-беттік хирургияның дамуы тек стоматологияның ғана емес, сонымен қатар мойын мен бетке операциялық әдісті пайдалануға баса назар аударатын жалпы хирургияның дамуы тарихымен тығыз байланысты.

2006 жылғы білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына және стоматологиялық факультеттің төртінші курсына арналған хирургиялық стоматология пропедевтикасы бойынша типтік бағдарламаға сәйкес біз студенттерге отандық хирургиялық стоматологияның даму тарихы туралы түсінік беруіміз керек. Хирургиялық стоматологияның даму тарихы сұрақтары аралық бақылау және қорытынды аттестациялау тестілік тапсырмалары мен билеттеріне енгізілген, себебі бұл біздің мамандығымыздың мұрасы және өскелең ұрпақ өз мамандығының даму көздерін білуі тиіс. Осы арқылы біз оларға кәсіби тәрбиелеу элементтерін береміз. Осыған байланысты біздің кафедра хирургиялық стоматологияның даму тарихын төрт кезеңге бөліп қарастыруды ұсынады:

I кезең – Ресей құрамындағы (патшалық кезең) Қазақстандағы стоматологияның дамуы.

II кезең – КСРО құрамында Ұлы Отан соғысына дейінгі және оның барысындағы кезең.

III кезең – КСРО құрамында Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезең.

IV кезең – егеменді Қазақстандағы хирургиялық стоматологияның дамуы.

Бірінші кезең – Ресей құрамындағы (патшалық кезең) Қазақстандағы стоматологияның дамуы.

Бүкіл әлемдегі хирургияның дамуы халықтық медицина және әуесқой дәрігерлердің тәжірибесімен тығыз байланысты, тісті жұлуға арналған құралдар Цельс пен Гален кезеңінде де белгілі болған, орта ғасырларда тісті шаштараз жұлатын болған. Беттегі жараларды емдеуге және ауруын басу үшін пайдаланған түрлі наркотикалық әсер беретін шөптерден жасалған дәрі-дәрмектер де белгілі болған. Қазақ халқының ұлттық медицинасы да негізінен тәжірибелік мазмұнда болды, оның барлық әдістері мен құралдары өмірлік тәжірибеден, көпғасырлық бақылаулардан, тұрмыс салтынан туындаған. XІX ғасырдың аяғы – XX ғасырдың басы зерттеушілері айтып өткендей, қазақтардың ұлттық медицинасында хирургияның даму деңгейі бойынша терапиядан әлдеқайда алда болған. Халық емшілері жара-жарақаттарды, сынықтар мен буынның шығуын, күйіктер мен үсіп кетуді, созылу мен жарылуды, ісіктерді, тағы басқаларын емдей білген. Халық арасында сынықшылар – сүйекті салатын емшілер ерекше құрметке ие болған.

Осы кезеңде Ресейде А.Соболевтің «Дентистика или зубное искусство о лечении зубных болезней с приложением детской гигиены» («Дентистика немесе балалар гигиенасы қоса берілген тіс дерттерін емдеу өнері») атты монографиясы жарыққа шығады. Онда алғаш рет тісті жұлу және жұлмау шарттары қалыптастырылған, операция әдестері, құралдар кешені көрсетілген болатын.

Қазақстанның қазіргі территориясына алғашқы тіс дәрігерлері мен дантистер 1896 жылы келген (Е.В.Бочкарева, М.Ш. Бурвассер). Олардың тәжірибелік қызметі жеке кәсіпкерлік мазмұнда болған. Олар тек халықтың ауқатты бөлігіне көмек көрсеткен, ең ірі 11 қалада қызмет атқарған. I9I3 жылға дейін Қазақстанда 31 дантист және тіс дәрігері қызмет атқарған, бұл кезде I дәрігерге I80 547 адам келетін еді (Ресейде - 32 490 адам). Тіс дәрігерлерінің жетіспеушілігіне байланысты тісдәрігерлік көмекті (тістерді экстракциялау) уездік және роталық фельдшерлерге де көрсетіп жүрген. Бірақ қазақтардың көпшілігі көшпелі және жартылай көшпелі өмір салтын сақтанғандықтан тіс дәрігерлері мен фельдшерлердің көмегін тіптен пайдаланбады деп те айтуға болады, олар көбіне тәуіптерде емделген.

Екінші кезең – КСРО құрамындағы Ұлы Отан соғысына дейінгі және оның барысындағы кезең.

Қазан революциясынан кейін РСФСР Ұлттық денсаулық сақтау комитетінің тісдәрігерлік секциясының жетекшілігімен (жетекшісі – П.Г.Дауге) тіс емдеу, одан кейін одонтология I932 жылы медицинаның толыққанды саласына – стомоталогияға айналған. Мемлекеттік тіс емдеу Орта Азия республикалары мен Қазақстанның ұлттық бөлінуіне дейін (I925 г.) Түркістан республикасының құрамына кіретін қазақ жерлеріне қарағанда РСФСР құрамына кіретін Қырғыз (Қазақ) АКСР-да жоғары дамыған болатын.

1926 жылдан 1936 жылға дейін Қазақстандағы тіс емдеу желісі және мамандар ақырын дами бастады. Тіс емдеу көмегі ауыл тұрғындарына да көрсетіле бастады. Мысалы, тіс емдеу амбулаториялары мен кабинеттеріне 1926 жылы 124 416 адам келген. Олардың 8,1% ауыл тұрғындарына тиісті.

1936 жылы қазақтардың айтарлықтай бөлігі көшпелі және жартылай көшпелі өмір салтын ұстана берді, бұл оларға тіс емдеу көмегін көрсетуді ұйымдастыруға айтарлықтай әсер етті.

Тіс емдеу көмегі соғыстан кейінгі жылдары, Қазақстанның одақтық республикаға бөлінуінен кейін тезірек дами бастады. Бұған 1935 жылы Орал фельдшерлік мектебінде тіс емдеу бөлімінің ашылуы әсер етті. Тіс дәрігерлерінің саны 1941 жылға қарай 1913 жылмен салыстырғанда 4,9 есеге, ал 1935 жылмен салыстырғанда 3,6 есеге артты. Қазақстанға РСФСР мен Украинадан алғашқы стоматолог дәрігерлер келе бастады. Ауыл тұрғындарына тіс емдеу көмегін көрсету сапасы да жақсара бастады. Осымен қатар тіс емдеу желісі мен мамандарының аумақтар бойынша таралуының әркелкі болуы байқалды. Тіс емдеу көмегін көрсету мамандарының, соның ішінде ауылдық жерлерде жетіспеушілігіне байланысты құралдары арасында тіс емдеу қысқыштары бар фельдшерлер мен фельдшер-акушерлер көмек көрсететін болған. 1940 жылға дейін бетке және жаққа операцияларды пластикалық операцияға қызығушылық танытып жүрген жалпы хирургтер жасаған. Беттік-жақтық хирургияға маманданып жүрген Ресейдің жалпы хирургтары Қазақстандағы бет-жақ хирургияның дамуына да әсер етті (Н.В. Алмазова, А.А. Лимберг, А.Э. Рауэр, Н.М. Михельсон Г.А. Васильев, Ф.М. Хитров, И.Г. Лукомский және т.б.), екінші жағынан – көптеген кеңестік тіс дәрігерлері жоғары медициналық білім ала бастады, білім мен тәжірибенің интеграциясы хирургиялық стоматология мен жақ-бет хирургияның дамуына ықпал етті (А.И. Евдокимов, Н.А. Астахов, А.А. Изачик, Н.А. Астахов, Е.М. Гофунг).

КСРО Ұлттық денсаулық сақтау комитетінің № 1117 (1938 ж.) бұйрығына сәйкес Қазақстанда 7 қалада 120 кереуетті стоматологиялық стационарлық желі құрастыру жоспарланды, олардың 55-і 1941 жылға дейін жүзеге асырылуы керек еді. Бірақ белгіленген уақытта олар жүзеге асырылмады.

Ұлы Отан соғысының басынан бастап бірден күш алған бұрын соңды болмаған әскери операциялар және оларға байланысты туындаған адам қазалары бет-жақ жарақаттары бар әскерлерді кезеңдік емдеуді жақсартудың ұйымдастырушылық шараларын жүргізуді талап етті. 1940 жылы майдандық стоматологтардың штаттан тыс, ал 1943 жылы – штаттық қызметтері енгізілді, одан кейін әскерлік стоматологтардың штаттан тыс қызметтері құрылып, медициналық көмек көрсету жеке роталарында, сонымен қатар майдан мен тылдың госпитальдарында бет-жақ бөлімдерінде стоматологтар штаттары құрылды. Бет-жақ жарақаттары бар науқастарға арнайы дәрігерлік көмек көрсетуді ұйымдастыруда Қызыл Әскердің бас стоматологы Д.А.Энтиннің қызметі орасан зор.

Тіс емдеу қызметін ұйымдастыру және сапасын көтеру жұмыстарының айтарлықтай жақсаруы Қазақстанда соғыс жылдарында да байқалды. 1940 жылмен салыстырғанда 1942 жылы тіс дәрігерлерінің саны 1,4 есе, стоматологтар саны 3,5 есе өсіп, сәйкесінше 334, I74 адамды құрады. 1942 жылдың жазында Қазақстанда Шымкент және Алматы қалаларында эвакуациялық госпитальдарында екі бет-жақ бөлімдері жасақталды.

Көбіне көп басты назар бет-жақ травмотология, қайта қалпына келтіру хирургиясы, жақ-бет ортопедия мәселелеріне аударылды, оларды Қазақстанда дамытушылар қатарында П.Т.Суслова мен Л.Ф. Фирсова-Шарапованы айтуға болады.

Қазақстандағы хирургиялық стоматологияның дамуының басталуы 1941 жылы Алматы медицина институтында стоматологиялық доценттік курсын ұйымдастырумен байланысты болды. Оны алдымен П.Т. Суслова, кейін Е.Ф. Чернов басқарған болатын.

КСРО-ның басқа аймақтарынан эвакуацияланған мамандардың келуіне қарамастан, мамандар жетіспеушілігі Қазақстанға КСРО Ұлттық денсаулық сақтау комитетінің санациялық қызметтің кеңейтілуін қарастырған № 654 (I943 ж.) бұйрығын орындауға мүмкіндік бермеді. Оған сонымен қатар республикадағы тіс емдеу мамандарын дайындаудың жеткіліксіздігі де әсер етті. Желінің тек облыстар ғана емес, сонымен қатар қалалар мен ауылдар арасында әркелкі таратылуы да ықпал етті. Жоғарыда аталғандардың барлығы отандық республикалық мамандарды дайындауда үлкен мәселе тудырды.


Үшінші кезең – КСРО құрамындағы Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезең.

Экономиканың әлсіреуі, мамандарды дайындаудың дамымаған желісі, олардың реэвакуциялауға байланысты кері кетуі стоматологиялық қызмет штатының азаюына алып келді. Мысалы, Қазақстан Республикасындағы тіс дәрігерлерінің саны 1942 жылғы деңгейіне тек 1954 жылы ғана жетті, ал стоматологтар саны бойынша I958 жылы жетті. Бірақ бұған қарамастан жақ-бет аймағында дерті бар науқастарды стационарлық емдеу желісі дамытыла бастайды. Мысалы, 1947 жылы Семей қалалық хирургиялық ауруханасында алғашқы стоматологиялық кереуеттер бөлінген болатын (ұйымдастырушысы - Н.Е. Потакуркина). 1952 жылғы қазан айында алғашқы қалалық клиникалық аурухана базасында Алматы қаласында алғаш рет 20 кереуеттік бет-жақ бөлім ашылған болатын.

Аз ғана стоматологиялық бөлімдерде күрделі операциялар жүргізіле бастаған. Осы кезеңде стоматологиялық тақырыпта 3 кандидаттық диссертация қорғалған.

Ұлы Отан соғысы кезеңінде қайта қалыпқа келтіру емдеу туралы деректер «Опыт советской медицины в Великой Отечественной войне 1941-1945гг.» («1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысындағы кеңестік медицина тәжірибесі») (1951 ж.) атты көптомдық еңбектің 4 томында көрсетілген болатын. Бұл еңбекте бет пен жақтың оқ жарақатын, беттің, тілдің, сілекей бездерінің жұмсақ тұстарын емдеу тәжірибесі жинақталған, қайта қалпына келтіру хирургиясы мәселелері қарастырылған. Бұл еңбек барлық одақтық ресубликалардағы бет-жақ хирургиядағы және стоматологиялық көмекті ұйымдастырудағы әрі қарайғы зерттеулердің негізгі бағыттарын белгілеуге мүмкіндік берді.

Біздің республикамызда хирургиялық стоматологияның дамуында Панна Тимофеевна Суслова үлкен рөл атқарды.

1941 жылы ол Алматы мемлекеттік медицина институты госпитальдік хирургия кафедрасы жанындағы емдеу және педиатриялық факультеттерінде бет-жақ хирургиясы доценттік курсының алғашқы ұстазы және ұйымдастырушысы болды. 1948 жылы доценттік курстың жетекшісіне айналды.

1959 жылы АММИ стоматологиялық факультеті ұйымдастырылды, Чернов Евгений Феофанович стоматология кафедрасының жетекшісіне айналды. Ол кезде тек бір ғана стоматология кафедрасы болды, онда барлық стоматология пәндері – терапевтік, хирургиялық және ортопедиялық стоматология оқытылды. Тәжірибелік дәрігерлер А.Н.Фокина, Л.А.Бузникова, Э.С.Бритова, Е.Н.Житковская, М.П. Осколкова, Р.С. Усманова, Э.Г. Котельников алғашқы ұстаздары болды. Жағдай өте қиын болды. Оқу процесін әдістемелік қамсыздандыру басынан құрыла бастады, мұғалімдерде қажетті педагогикалық тәжірибе болмады, бірақ ұжым іске құлшына кірісті. Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрлігінің 07.05.1962 жылғы №203 бұйрығы негізінде үш арнайы кафедра ұйымдастырылған болатын, Евгений Феофанович хирургиялық стоматология кафедрасының алғашқы жетекшісіне айналды. Ол АММИ стоматологиялық факультетінің алғашқы деканы, хирургиялық стоматология кафедрасының алғашқы жетекшісі, Қазақстанда стоматология бойынша докторлық диссертация қорғаған алғашқы ғалым болды, стоматология профессорына, Республикалық стоматологтардың ғылыми-медициналық қоғамының төрағасына, Денсаулық сақтау министрлігінің бас стоматологына айналды.

1960 жылы Қазақстанның 5 облыс орталығында 75 кереует ұйымдастырылса, 1978 жылға қарай - 495 кереует (соның ішінде 75 балаларға арналған кереует) ұйымдастырылды. 01.01.1978 жылға қарай 7 облыс орталығында 10-15-тен кереует болды, 11 қалада жеке бет-жақ бөлімдері қызмет атқарды.

Республика халқын тіс дәрігерлері және тіс техниктерімен қамтамасыз етуде және оларды дайындауда Қазақстанның медициналық училищелерінің 10 тіс емдеу және 9 тіс техникалық бөлімі үлкен рөл атқарды. I938 жыл мен I980 жыл аралығында олардан 4723 тіс дәрігері және 2434 тіс технигі оқып шықты. I96I жылдан бастап стоматологиялық мекемелердің жұмыс көрсеткіштерінің және мамандар санының өсуі байқалды. Стоматологиялық желіні дамытудағы негізгі бағыт жеке стоматологиялық емханаларды ұйымдастыру болып табылды, ауыл халқына стоматологиялық көмек көрсетуге баса назар аударылды.

Стоматолог-дәрігерлерді дайындау ісіндегі ерекше орын 1959 жылы құрылған Алматы мемлекеттік медициналық институтының стоматологиялық факультетіне беріледі. Ұйымдастырушылық кезеңнің көптеген кедергілерінен өтіп, 1964 жылы факультет алғашқы түлектерін ұшырды.

Өзінің қызметінің басынан бастап хирургиялық стоматология кафедрасы стоматология саласындағы жоғары білікті ғылыми мамандардың ошағы болды. Осында Д.Л.Корытный, Д.С.Сағатбаев, Т.К.Сүпиев, Л.Я.Зазулевская, К.З.Шалабаева, К.К.Құрақбаев; м.ғ.к., доценттер: Т.У.Батыров, Ш.Б.Камалов, Б.А.Үмбетьяров, Х.Л.Сағандықов, қазір арамызда жоқ З.К.Құрманғалиев және тағы басқалары өз шығармашылық кәсіби жолдарын бастаған болатын.

1972 жылдан бастап хирургиялық стоматология кафедрасының оқу-клиникалық базасы 12 қалалық клиникалық ауруханаларда болды. 1974 жылы бет-жақ бөлімдері жабдықталған 5 қалалық клиникалық аурухана салынды. 1бет-жақ бөлім хирургиялық стоматология кафедрасының негізгі базасына айналды.

Сол жылдары Қазақстанның көптеген ғалым стоматологтарының қалыптасуы КСРО-ның орталық ЖОО мен ғылыми орталықтарының қарауымен жүргізілді және Мәскеуде, Ленинградта мақсатты оқыту арқасында жүзеге асырылды.

1974-1980 жылдары кафедрада м.ғ.д., доцент Мария Павловна Осколкова жетекшілік етті. Тәжірибелі клиницист, тамаша хирург М.П.Осколкова республика үшін бет-жақ хирургтарды дайындауға, стоматологтардың ғылыми-медициналық қоғамын жетілдіруге үлкен үлес қосты, Жалпыодақтық стоматологтар ғылыми қоғамын басқару мүшесі болды.

Қазіргі таңда хирургиялық стоматология кафедрасын (1980 жылдан бастап) медицина ғылымдарының докторы, профессор Оразалин Жақсылық Бекбатырұлы басқарады.

Кандидаттық диссертацияны қорғағаннан кейін ол ассистент қызметіне тағайындалды, ал 1974 жылдан бастап – АММИ хирургиялық стоматология кафедрасының доценті болды. Ол ұстаздық қызметін Республикалық стоматологиялық поликлиниканың бас дәрігері және ҚазССР денсаулық сақтау министрлігінің бас стоматологы қызметімен сәтті тоғыстырып атқарып жүрді. Ұйымдастырушылық қабілеті зор Ж.Б.Оразалин сол жылдардың өзінде Қазақстанда стоматологиялық білім беру қызметінің дамуына баға жетпес үлес қосты. Оның күш салуымен АММИ стоматологиялық поликлиникасы АММИ стоматологиялық кафедраларының оқыту базасы бола отырып, Республикалық мәртебеге ие болды. 1978 жылдан 1984 жылға дейін ол АММИ стоматологиялық факультеті деканы қызметін атқарды, ал 1989-1995 жылдары клиникалық жұмыс бойынша проректор қызметін, 1995-2001 жылдары аралығында оқыту ісі бойынша проректор қызметін атқарған.

Жақсылық Бекбатырұлы докторлық және кандидаттық диссертацияларды қорғау бойынша арнайы Кеңесті ұйымдастыруға белсенді қатысты және оны 2007 жылы құрғаннан кейін оның төрағасына айналды. Кеңесті ұйымдастыру Қазақстандағы стоматологиялық ғылымды дамытудағы ең бір маңызды белес болды. Осы жылдар ішінде ? докторлық және 80-нен астам кандидаттық диссертация қорғалған.

Төртінші кезең – егеменді Қазақстандағы хирургиялық стоматологияның дамуы (1991 – 2010 жылдар).

Қазақстан Республикасының халқына стационарлық стоматологиялық көмек 10-40 кереуетті 16 стационарда көрсетіледі. Бұл бөлімдерде стоматологиялық профильді 523 кереует қызмет етеді. Олармен қамтамасыз ету орташа есеппен 10.000 тұрғынға 0,37-тен келеді, бұл елде қалыптасқан экономикалық жағдайда, өкінішке орай, төмендеп келеді (1988 жылы бұл көрсеткіш 10.000 тұрғынға 0,42-ден келді).

Бет-жақ аймағындағы іріңдеу-ісу процестерінің мазмұны түрліше болып келеді. Бұлардың қатарына жақ маңындағы одонтогендік абсцестер мен флегмондар (26,2%), терең одонтогенді остеомиелит (14,4%), беттегі фурункулдар мен карбункулдар (18,6%), лимфадениттер (5,7%), аденофлегмоналар (5,1%), одонтогендік гайморит (4,5%), сілекей бездерінің ісу аурулары (3%), беттің іріңдеген жарақаттары, іріңдеген атеромалар, бет және жақ кисталары (12,0%), тағы басқа ісу-іріңдеу процестері (10,5%) жатады.

Бет-жақ аймағында жарақаты бар науқастар да ауыр категорияға жатады. Олардың үлес салмағы республика бойынша 10.000 тұрғынға 0,35-ден келеді. Бет жарақаты сипаты түрліше болады. Бұған беттің жұмсақ тканьдарының жарақаттары, төменгі жақтың, беттің орталық зонасының сынуы, бет сүйектерінің сынуы, бет сүйегі-жоғарғы жақтық-базальдық кешеннің сынуы, оқпен жарақаттану жатады.

Қазіргі таңда республиканың стоматологиялық мекемелерінде ұйымдастырудың, басқарудың және экономиканың жаңа әдістері жүзеге асырылуда. Мемлекеттік нарыққа балама түрлі формадағы стоматологиялық қызметтер нарықтары қатарына ақылы қызмет, жеке кабинеттер мен клиникалар, жұмыс орнын жалға алу, жеке мекемелерді жатқызуға болады.

Соңғы жылдары мамандықтың барлық бөлімдеріне стоматологиялық ауруларды емдеу мен алдын алудың жаңа технологиялары, жаңа әдістері енгізілуде, анестезияның жаңа әдістері, бір реттік пайдалануға арналған құралдар, дентальдық имплантация, диагностика мен емдеуге арналған эндоскопиялық техника, сәулелік терапия диагностикасы әдістері (үшөлшемдік рентгенография, компьютерлік томография), нанотехнологиялар, бағытталған регенерация қағидасы, түрлі сәулелердің мүмкіндіктерін тек терапияда ғана емес, сонымен қатар хирургияда да пайдалану орын алып отыр. Информатиканы пайдалану тиімділігі де артуда. “Проблемы Стоматологии (Cтомотология мәселері)”, “Казахстанский стоматологический журнал (Қазақстандық стомотологиялық журналы)” атты журналдар, “Стоматология Казахстана (Қазақстан Стомотологиясы)” және “Стоматологический вестник (Стомотологиялық хабаршысы)” атты газеттер жарыққа шығарыла бастады, Интернет жаһанды желісі арқылы ақпаратты әлемнің кез кеген нүктесінен алуға болады. Жыл сайын съездер, конгрестер, форумдар, көрмелер өткізіледі, бұл басқа елдердің стоматологтарымен тығыз әріптестік қарым қатынасты орнатуға мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, Қазақстандағы стоматологияның даму тарихы жалпы алғанда, бет-жақ хирургияның дамуымен, сонымен қатар стоматологиялық ассоциацияның дамуымен, яғни ортақ мақсатқа жету үшін стоматологиялық қызметтерді (хирургиялық, терапевтикалық, ортопедиялық стоматология, балалар стоматологиясы) ұйымдастыруды біріктірумен тығыз байланысты екенін айта кеткен жөн. Ал бұл біріктірудегі мақсат біреу-ақ, ол – стоматологиялық ғылымды дамыту және оны халыққа медициналық қызмет көрсету үшін денсаулық сақтау саласына енгізу. Сондықтан Қазақстандағы стоматологтар ассоциациясы немесе қоғамы еліміздегі стоматологиялық қызметтің пайда болуынан бастап қызмет атқарып келеді.


II тарау


ХИРУРГИЯЛЫҚ СТОМАТОЛОГИЯ КӨМЕГІН ҰЙЫМДАСТЫРУ


Хирургиялық стоматология көмегін емханаларда ұйымдастыру


Қазақстан денсаулық сақтау министрінің бұйрығы бойынша республикалық, облыстық, қалалық, аудандық стоматологиялық емханаларда хирургиялық стоматология бөлімшесі немесе бөлмесі болуы тиіс.

Қалаларда, қалалық аудандарында стоматологиялық емханалар немесе жалпы емханалар құрамында хирургиялық стоматология бөлмелері болуы керек. Олардың жұмыс негізі тұрғылықты халықтың санына байланысты. Жедел медицина көмегін көрсететін бөлімшелер мен ауруханалардың құрамында стоматология бөлімшелері көзделген.

Ауруханаларда, медико-санитарлық бөлімдерде, балалар ауруханаларында, диспансерлерінде, госпитальдарда хирургиялық стоматология көмегі бет-жақ хирургия бөлмелерінде көрсетіледі, олар дерттің алдын алуға бағытталған. Бұл бұйрықта ауылдық жерлерде, ауданның орталық ауруханаларына қарайтын стоматология бөлімшесі ашылуы тиіс.

Бұл бөлімшелерде (бөлмелерде) барлық стоматологиялық науқастармен қоса хирургиялық науқастарға да көмек көрсетіледі.

Стоматология емханаларында хирургия бөлімшесін ұйымдастыруда келесі жағдайлар ескерілуі тиіс: халықтың саны, ауданның көлемі, тұрғындардың ерекшеліктері, бөлмелердің санитарлық және гигиеналық нормалары, штат кестесі, емханалар категориясы, ауруханалр мен емханалардың құрал-саймандарының тізімі.

Бөлімшелер дұрыс және жақсы жұмыс істеу үшін мамандарды өз орнына қою, әрбір қызметкерлерге белгілі талптар мен міндеттер, бөлімше (бөлме) жұмысының жалпы көлемін анықтау, құжаттар жүргізу сияқты талаптар қойылады.

Стоматология емханаларында хирургия бөлімшесін ұйымдастыруда «стоматологияны профильді мекемелерде ұйымдастыру, жабдықтандыру және пайдалану санитарлық ережелерін» қолдану керек. Ереже бойынша хирургия бөлімшесін ашу кемінде 5 бөлме керек. Олар:

1. Дәрігер қабылдауын күтетін бөлме (көлемі бір ауруға 1,2 м2 орта есеппен 4 ауруға арналуы керек). Аурулар дәрігер қабылдауын емхананың жалпы дәлізінде күтулеріне болады.

2. операция алдындағы бөлме (көлемі 10 м2).

3. операциялық бөлме (бір креслоға немесе бір операция жасайтын столға 23 м2 , ал келесі әрбір кресло немесе стол қою үшін 7 м2 –тан қосылады).

4. Стерилизация жасайтын бөлме (көлемі 8 м2 ).

5. Операциядан кейін аурулар уақытша жататын бөлме.

Стоматология емханаларында тек хирургиялық бөлімше болса, оған 3 бөлме керек:

  1. Дәрігер қабылдауын күтетін бөлме.

  2. Залалсыздандыру жасайтын, қол жуатын, материал дайындайтын көлемі кемінде 10 м2 ауа соратын шкафпен жабдықталған бөлме.

  3. Операция жасайтын бөлменің көлемі бір креслоға 14 м2 ал келесі қойылатын әрбір креслоға 7м 2 болуы қажет.

Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша Қазақстанда және басқа елдерде инфекциялық аурулар мөлшері өршу үстінде. Дәрігер-стоматологтар өзінің қызметіне байланысты көптеген жұқпалы аурулар бар науқастарменен қатынаста болуға мәжбүр. Европа елдерінде 15% стоматологтар, өзінің қызметіне байланысты инфекцияланылған, ал 50% инфекциялануға жоғарғы дәрежеде (K. Bossmann, 1997). Стоматологтар және сол бөлімшелерде істейтін қызметкерлер инфекциялық ауруға шалдығуда. Үлкен дәрежелі мамандар қатарында ден саналады.

Хирургиялық стоматологияда асептика және антисептика қағидалары инфекцияға қарсы, оның алдын алу мәселелері жөнінде ең жоғарғы орында тұрады. Бұл аса қауіпті туберкулез, мерез, гепатит, ВИЧ – инфекция сияқты инфекциялардың мол мөлшерде тарауына байланысты. (Тарасенко С.В., 1998).

Асептика дегеніміз инфекцияланауға қарсы алдын ала жасалатын кешенді шаралардың жинағы болып табылады.

Антисептика организмдегі инфекцияға қарсы күрес шараларының жинағы болып есептелінеді. Олар операция алдында хирургтің қолын жуып тазалау әдістері, операция жасалатын аймақты заласыздау, іріңді ошақты бактериоцидті дәрі-дәрмектермен өңдеу, т.б.

Хирургиялық стоматологияда асептика және антисептика кеденді шаралар жинағы, Қазақстан республикасының 2002 жылғы 4 желтоқсанда қабылданған №36-2 «Халықты санитарлық-эпидемиологиялық сақтандыру заңы» және оған қосымша 2010 жылғы 23 шілдеде жарияланған № 533 бұйрығына сай орындалады. Уақыт және кешенді шараларына сай бұл заңға өзгерістер енгізіліп отырады.

Құрамында стоматология бөлімшелеріндегі хиругия бөлмелерінің қабырғалары тегіс, полихлорвинилді немесе жылтыр плиткалармен төселуі қажет. Бөлме төбелері сулы эмульсиямен немесе майлы бояулармен боялуы керек. Есік-терезелер майлы бояулармен сырланып, әрі тегіс болулары қажет. Хирургия бөлмелері ыстық-суық сумен және орталық жылыту жүйесімен қамтамасыз етіледі.

Хирургия бөлмелердің температурасы 18-25' болып, олар ауа сорғыштар, фромуга және форточкалармен қамтамасыз етілулері қажет.

Барлық бөлмелер жарық болуы керек. Қолдан жасалатын жарықтың екі түрі пайдаланылады: жалпы жарық жүйесі, көлеңке түсірмейтін электр жарығы. Бөлмелердегі жиһаздар нитроэмальды ашық бояулармен боялынып, жұмыс столдары шынымен жабылу керек.

Бөлімшелерді (бөлімдерді) тәулігіне екі рет ылғалды тазалап тұрады: смена аралығында, жұмыс күнінен кейін. Жиһаздардың, қабырғаның төменгі жағын, терезе алдын, еденді ыстық сумен жуады. Барлық бөлмелерді, тәулігіне 1 рет бактериоцидті шаммен өңдейді. Бөлімшені (бөлмеде) жетісіне 1 рет жалпы тазартудан өткізеді. Бактирялық бақылау бөлімшелердің (бөлмелер) санитарлық жағдайының сыншысы болып есептеледі.


Хиругия бөлімінің еңбек жұмысын ұйымдастыру

Хирургия бөлімінің жұмыс нәтижесі тәжірибесі мол мамандармен қамтамасыз етілуіне және олардың еңбегінің дұрыс ұйымдастырылуына байланысты.

Жұмыс кестесін әрбір кезекте бір тәжірибесі мол дәрігермен бір жас дәрігерді қосып жасаған дұрыс.

Себеі жас дәрігер тәжірибелі дәрігерден оқып үйренеді. Егер кезекте бір дәрігер-хирург істейтін болса, онда тәжірибелі дәрігерді аурулар көп келетін кезекке қойған абзал.

Емдеу жұмысын ұйымдастыру. Хирургиялық операциялардың мөлшері мен түрі – дәрігер-хирургтің тәжірибесіне байланысты.

Операция емханалық жағдайларда, тек қана операциядан кейін үйіне өз бетімен немесе біреудің көмегімен кететін ауруларға жасалады. Жасалатын операциялар ішінде тіс жұлу операциясы көбірек кездеседі.

Емханада жасалатын ауыр операциялар қатарына: дистопия, жартылай ретенция, ретенция болған тістерді алу, периостит, лимфаденит кезіндегі іріңді шығару, жұмсақ тіндердің жарақатын тігу, жақ сүйектері сынғанда, шығып кеткенде орнына салу жатады. Бұл операциялар жоспарланбаған топқа жатады.

Емханаларда жоспарлы жасалатындарға тісті реплантация, трансплантация, имплантация жасау, тіс түбірінің ұшын кесу, жақ-бет аймағындағы жұмсақ тіндерде, сүйектерде кездесетін кішігірім қатерсіз ісіктерді, биопсия, сары сулы ісіктерді, сілекей бездерінің түтіктерінде орналасқан тастарды алу, сонымен бірге кішігірім ақауларға пластика жасау, секвестрэктомия және пародонтит дерттерін хирургиялық әдіспен емдеу жатады.

Бөлімнің жұмыс бөлмелерді ауру қабылдауға дайындықтан бұрын басталады. Бөлменің санитарлық жағдайын тексереді күнделікті әрбір кезек басталар алдында мейіркеш екі стерилді стол дайындайды. Оның бірі құралдарға арналса, екіншісі таңу жабдықтарына арналған. Егер бөлмеде екі мейіркеш болса, бірі стерилді столдарда аподактилді тәсілмен айналысып, екіншісі дәрігерге ауруларды қабылдауға көмектеседі.

Мейіркеш жалпы жағдайлары ауыр науқастарды дәрігерге бірінші кезекпен кіргізеді, қалғандарын дәрігерге жазылу уақытына байланысты кезеккке қояды. Ауруларды дәрігерге тек сырқатнамамен ғана кіргізу керек. Қабылданғаннан кейін дәрігер ауруларды зерттеп, диагнозын қойып, емдеу кезегін белгілейді.

Жоспармен жасалатын операцияларды арнайы кітапшаға тіркеп, олардың күндерін белгілейді. Барлық қорытындылар және дәрігер нұсқаулары мекеменің арнайы іс қағазына жазылады. Ауруды зерттеу нәтижесінің мәліметтері, дәрігердің іс-қимылдары, нұсқаулары және ем нәтижесі сырқатнамаға жазылып, ауруды қайта қарау керек болса, уақыты, күні, бөлменің саны және дәрігердің аты-жөні көрсетіледі. Осы аурулардың сырқантамасы дәрігер бөлмесінде сақталады. Үйіне көмек көрсетілетін ауруға, дәрігер мейіркеш бөледі.

Операция жасалатын бөлменің жұмысын ұйымдастыру. Операция алдында дәрігер медбикені жасалтын операциялардың тізімімен таныстырып, оған керекті құралдар мен материалдарды дайындауға тапсырма береді. Залалсыздандырған заттарды екі столға бөледі, бірі таңу жабдықтары, екіншісі құралдар үгшін. Хирургке операция жасауға көмекші қажет. Оның қызметін,тәжірибелі мейіркеш, дәрігер немесе жоғарғы курс студенттері атқарады. Операциядан кейін ауруды 30 мин-тен 1 сағатқа дейін уақытша демалатын бөлмеге жатқызған жөн.

Әдетте күрделі стоматология емханалары кеңес беру – методикалық орталық болып есептеледі. Оларға басқа мекеме, аудан дәрігерлері ауруларды кеңес алу үшін жібереді. Бұл емханаларда кеңес беруші болып ғылыми атағы бар дәрігерлер істейді. Осымен қатар оларға облыстық, аудандық, емханалар бекітіледі.

Әрине, хирургия бөлімдері жұмысының ішінде дерттің алдын алу қызметі жоғары орында болуы қажет.

Денсаулық сақтау министрінің бұйрығында «Дәрігер-стоматологтың бақылауында болатын науқастардың диспансерлік үлгісінің жобасы» берілген.

Хирургиялық стоматология ауруханасы жұмысын ұйымдастыру. Қазіргі хирургиялық стоматология мен жақ-бет хирургиясы ауыз қуысына жасалатын операциялардан бастап, өте қиын қатерлі ісікті алу және күрделі пластикалық операциялармен айналысады.

Осыған байланысты хирургиялық дерттері ауыз қуысында, жақ сүйектерінде, бетте, мойында орналасқан науқастарға толық көмек көрсету үшін облыстық, қалалық, аудандық ауруханалардың құрамында жақ-бет хирургиясының бөлімдері жұмыс істеуі қажет.

Операциялық блоктың санитарлық-гигиеналық талаптары. Операциялық блоктың тиісті құжаттарға сәйкес болуы тиіс. Операциялық блок операция жасайтын, операция алдындағы, стерилизация жасайтын, наркоз аппараттары тұратын, құралдар сақталған, хирург және мейіркеш отыратын, материалдар тұратын, гипс салатын, душ қабылдайтын бөлмелерден тұрады.

Мүмкіндігіне қарай операция жасайтын екі бөлме болуы қажет. Бірі жақ-бет аймағында пластикалық операциялар, екіншісі ауыз қуысына және іріңді операциялар жасайтын бөлме. Олараға кіретін есіктер бөлек болуы қажет. Егер екі бөлме болмаған жағдайда, бірінші кезекте «таза» операция жасалынып, екінші кезекте іріңді операцияларды жасауға болады. Осыдан кейін бөлмені, ондағы жиһаздарды антисептикалық (хлоамин, лизол, сулема т.б.) ерітінділермен тазалап жуғаннан кейін, бактиоцидтік шаммен тазартады. Клиникадағы оперция бөлмесіне көп студенттер, курсанттар кірмеуі үшін, операцияны телевизор арқылы алыстан көрсететін бөлме дайындаған жөн немесе операциялық бөлменің төбесін жақсы көрінетін әйнекпен жабу керек.

Жақ-бет бөлімінде ауруларды таңатын екі бөлме қажет. Олардың бірінде «таза» операциядан, екіншісінде іріңді операциядан кейінгі науқастарға жәрдем көрсетіледі.

Бөлімде операциялық блоктан, таңу бөлмелерінен басқа, тіс және ауыз қуысын емдеу, дәрігер-протезист, ауыз қуысын тазалайтын бөлмелер болулары қажет. Осымен қатар шағын (1-2 орынға) тіс-техникалық лабораториясы болғаны жөн. Гере ауруханада кино-фото лабораториясы болса, оны жақ-бет хирургиялық бөлімі кеңінен пайдалануы қажет.

Әрбір бөлімде, оның мүмкіншілігіне қарай, операциядан кейін науқастар жататын екі «ер, әйел» бөлім, төсек басында оттегін, азот қышқылын жіберетін бөлмелі щиток және сорғыш резервуармен қосылатын штуцер болуы керек.

Жақ-бет аймағындағы аурулардың ауруханалармен қамтамасыз ету үшін (Ф.А. Любилов, Г.А. Попов, Т.М. Лурье зерттеулері бойынша) 10000 тұрғынға 1,7 төсек керек.

Республикалық, облыстық, қалалық, ауруханалардағы жақ-бет хирургиялық бөлімдер осы жерлердегі орталық ұйымдастыру және методикалық орын болып табылады. Олар студенттер және курсанттар оқытатын орталық клиника болып саналады. Бөлмелер штатына сол аурханаларда жұмыс істейтін стоматологтардың барлығы кіреді.


III тарау


ХИРИРУГИЯЛЫҚ СТОМАТОЛОГИЯ ЖӘНЕ ЖАҚ-БЕТ АУРУЛАРЫН ТЕКСЕРУ


Адам денесіндегі дертті оның клиникалық көрінісін білумен қатар, тек соған организмдегі өзгерістерді анықтап тауып, екеуін байланыстыру арқылы білуге болады.

Медицина ғылымының адам денесіндегі дерттерді айырып білу саласын диагностика деп атайды (грек сөзінің diagnosis - анықтау).

Ауруды бақылап дұрыс диагноз қойып, алдын алу, ем тағайындау, дәрігер пікірін қорыту диагностика саласының алдына қойған мақсаты болып есептеледі.

Диагностика ғылыми тұрғыда негізгі үш тараудан тұрады:

  1. Ауруды бақылау және тексеру тәсілдерін зерттеу немесе дәрігерлік диагностикалық техника;

  2. Дерт белгілерінің диагностикалық маңызын зерттеу – симптоматология немесе семиология;

  3. Дерттерді ажырату жолында ойлау ерекшеліктерін зерттеу немесе диагноз қою әдістемесі.

Бұл үш тараудың мүддесі субъективті, объективті және қосымша әдістер қолдану арқылы шешіледі.

Томография – тіндердің қабаты бойынша жасалатын рентгенография.

Әрбір тереңдікте түсірілген томографияда бөтен заттар, ісік аумағы, шықшыт буындағы өзгерістерді көруге болады.

Науқаспен танысу, оның анамнезін сұрап білуден басталады. Өйткені, дұрыс жиналған анамнез дұрыс диагноз қоюға себепші болады.

Егер науқас аурудың неден басталғанын және өз шағымын дұрыс жеткізе алмаса, дәрігер жетекші және қосымша төмендегідей сұрақтар беру арқылы, науқасқа көмектесуі керек. Мысалы: аурудың бірінші белгілері қашан пайда болды, бұрын дәрігерге көріндіңізбе, қандай ем алдыңыз, оның нәтижесі қалай болды?

Науқас шағымы әртүрлі болуы мүмкін. Жетекші сұрақтар арқылы дәрігер оларды мұқият анықтайды. Егер де пайда болған аурудың белгілері, ауырсыну сезімімен байланысты болса, онда «ауру ұдайы ма, жоқ ұстама тәрізді ме, қатты иә болмаса сыздап ауыра ма, бір жерде ме, әлде иррадиациялы ма, тамақ ішумен байланысты ма, жоқ па, өз бетімен бе, әлде қол тигізгенде ауыра ма?» - деген сұрақтарды шешу қажет.

Ал науқас, бет әлпетінің бір жерінде ісік барына шағымданса, оның қашан пайда болғанын, тез әлде баяу үлкейгенін, тамақ ішкенде ғана пайда бола ма, әлде ылғи бір қалыпта өзгермей тұра ма, ауру сезімін тудыра ма, жоқ па, ол функционалдық өзгеріске байланысты ма (яғни ауыздың ашылуына, жұтынуына, тілдің қимылына кедергі бола ма, жоқ па?) деген сұрақтарды анықтау қажет.

Дәрігер қаралуға келген науқас, бет сүйектерінің, еріннің, қабағының, ұртының, құлақ қалқанының ауқаулары мен деформацияларына шағым жасаса, олардың пайда болуына не себеп болғанын анықтау қажет (жарақаттың, қабынудың, күюдің әсері ме, әлде туа біткен кемтарлық па?).

Бет-сүйек аймағының жарақатында оның қашан және қандай жағдайда болғанын, есі танып қалды ма, жоқ па, мұрыннан, құлағынан қан кетіп, құсты ма? – деген сұрақтарға жауап алу қажет.

Ауыз қуысының шырышты қабығында, таңдайда, қызыл иекте, ерінде жазылмайтын жара пайда болса, оның туберкулезбен, мерез ауруымен байланысы бар-жоғын анықтау.

Анамнезді жинағанда, науқастың қалай тамақтанатынын, дем алуын, тұратын жерін, жұмыс істейтін орнын, зиянды әдеттерінің бар-жоғын білу де қажет болып табылады. Науқастарды клиникалық, лабораториялық жолмен тексеруді жалпы хирургия мен терапияның талабы бойынша барлық мүшелер мен жүйелерде жүргізеді. Содан кейін ғана жақ-бет аймағын екжей-тегжейлі тексеруге кіріседі.

Қарап-байқау. Мұнда науқастың сыртқы бет-пішініне, тері қабатының түсіне, көзге көрінетін шырышты қабығына және ақаулар болса, оларға назар аударылады.

Бет-әлпетінің ісінуі – домбығудан, қабыну инфильтратынан, ісіктен, гематоманың және сынған жақ сүйегінің орнынан жылжуынан пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ бет мүшелерінің ақаулары мен деформацияларында да бет құрылысы өзгереді.

Тері қабаты қызарып (қабыну процестерінде), көкшіл тартып (қан тамырларынан пайда болған ісіктерде, жүрек-қан тамыр жүйесінің жұмысы бұзылғанда) шектен тыс және жеткіліксіз пигменттелуі мүмкін. Сонымен бірге тері қабатында пайда болған патологиялық өзгерістерге (жаралар, тыртықтар, жыланкөздер, жырылған жаралар сияқты) назар аудару керек.

Көру мүшелерін тексергенде – көз симметриялығына, тығыз жабылуына, қабақтың қимылына, көз алмасының өзгерістеріне (мүлде жоқ болуы, деформациясы, шарасынан шығып тұруы немесе ішке кіруі), көздің қарашығының формасынан, жарыққа реакциясына, конвергенциясына, аккомадациясына назар аударған жөн. Саусақтардың көмегімен көздің өткірлігін тексеріп, оның шұғыл төмендегіндігін немесе мұлдем жоқтығын анықтауға болады. Сондай-ақ, заттың көз алдында қосарлануы байқалсса, ол көзді кері тартатын немесе шығыршықты нервтер функцияларының жетіспеушілігінен және жоғарғы жақ сүйегінен – көз саңылауына еніп, өсіп бара жатқан ісіктің әсерінен, көз алмасының жоғары қарай жылжып кетуінен болады.

Мұрынды тексергенде – оның формасына, сүйекті шеміршекті бөлігінің өзгерістеріне (ақауы мен деформациялары), мұрын қуысының шырышты қабықтарының түрін және бөлігі шығаратын затының сипатын анықтайды.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42

Похожие:

Хирургиялық стоматология және жақ-бет аймағының хирургиясы. Басқа медицина салаларымен байланысы. Даму жолдары хирургиялық стоматология жалпы стоматология iconХирургиялық стоматология кафедрасы
Дәрістің мақсаты: Студенттерге бет жақсүйек аймағының одонтогенді абсцесс және флегмонаның даму себептерін, патогенезін, клиникалық...
Хирургиялық стоматология және жақ-бет аймағының хирургиясы. Басқа медицина салаларымен байланысы. Даму жолдары хирургиялық стоматология жалпы стоматология iconХирургиялық стоматология пропедевтикасы модулі
Модульдің орналасқан жері: Алматы қ-сы, Төле би к-сі 92, ҚазҰму №3 оқу ғимараты
Хирургиялық стоматология және жақ-бет аймағының хирургиясы. Басқа медицина салаларымен байланысы. Даму жолдары хирургиялық стоматология жалпы стоматология iconПеречень нозологических форм, представленных в ситуационных задачах по специальности «хиругическая стоматология» и «детская хирургическая стоматология»

Хирургиялық стоматология және жақ-бет аймағының хирургиясы. Басқа медицина салаларымен байланысы. Даму жолдары хирургиялық стоматология жалпы стоматология iconСтоматология (терапевтическая стоматология) организация стоматологической помощи населению
Регистратор может по телефону информировать пациента о стоимости какой либо работы
Хирургиялық стоматология және жақ-бет аймағының хирургиясы. Басқа медицина салаларымен байланысы. Даму жолдары хирургиялық стоматология жалпы стоматология iconРуководство к лабораторным занятиям по патологической анатомии по специальности стоматология
Руководство к лабораторным занятиям по патологической анатомии по специальности – стоматология / Авт. И. И. Бабиченко, А. Л. Владимирцева,...
Хирургиялық стоматология және жақ-бет аймағының хирургиясы. Басқа медицина салаларымен байланысы. Даму жолдары хирургиялық стоматология жалпы стоматология icon051302 Стоматология мамандығы үшін 3 курс Уақыты (ұзақтығы) 1 сағат Қарағанды 2009 ж
Дәріс «Күйіктер, жіктелуі, клиникасы, емі. Үсiк. Электрозақымдар. Электрозақымдардың және термиялық зақымдардың жалпы мен жергілікті...
Хирургиялық стоматология және жақ-бет аймағының хирургиясы. Басқа медицина салаларымен байланысы. Даму жолдары хирургиялық стоматология жалпы стоматология iconИп №6 умс при Казгма
Тақырыбы: Ауыз қуысының тіндері және жақ – бет аймағының зақымдалуымен жүретін инфекциялық аурулар
Хирургиялық стоматология және жақ-бет аймағының хирургиясы. Басқа медицина салаларымен байланысы. Даму жолдары хирургиялық стоматология жалпы стоматология iconҚазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі
Р-нің экономикасындағы аграрлық сектордың орны мен мазмұны және өндірістің басқа салаларымен байланысы
Хирургиялық стоматология және жақ-бет аймағының хирургиясы. Басқа медицина салаларымен байланысы. Даму жолдары хирургиялық стоматология жалпы стоматология iconС. Ж. Асфендияров атындағЫ
Стоматология мамандығы бойынша Ортопедиялық стоматологиядан тәжірибелік сабақтардың кестесі
Хирургиялық стоматология және жақ-бет аймағының хирургиясы. Басқа медицина салаларымен байланысы. Даму жолдары хирургиялық стоматология жалпы стоматология iconПатофизиология кафедрасы «стоматология» мамандығЫ Үшін силабус I дәрістер жинағЫ № Тақырып
Патологиялық физиология курсына кіріспе. Патофизиология ғылым және оқу пәні ретінде
Разместите кнопку на своём сайте:
kaz.docdat.com


База данных защищена авторским правом ©kaz.docdat.com 2013
обратиться к администрации
kaz.docdat.com
Главная страница